Білім берудегі өзгерістер аясын кеңейту: апробация және тарату

Астана қаласында VIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 2 күнге жалғасқан шарада білім беру саласының отандық және халықаралық мамандары өзара тәжірибе алмасып, қазақстандық білім беру жүйесінің дамуына қатысты мәселелер турасында талқылаулар жүргізді.

2011 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіп келеді. Осы жылы конференция Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесі қалыптасуының 25 жылдығына арналып отыр. Пленарлық отырыста алғашқы сөз сөйлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарма төрайымы Шамшидинова Күләш Ноғатайқызы еліміздегі білім беру жүйесін дамытудағы Зияткерлік мектептердің рөліне тоқталып,  жаңартылған білім беру бағдарламасының басымдылықтарын атап өтті.

- Халықаралық озық тәжірибе мен отандық іс-шараларды талдап, қорытындылай келе, Зияткерлік мектептер өзі жұмыс істеген қысқа мерзімде жаңартылған білім мазмұнын әзірлеп, бейімдеп, сынақтан өткізді. Бұл 2016 жылдың қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептерінің 1-сыныптарына енгізілді. Жалпы орта білім беру жүйесіне енгізіле бастаған орта білім стандарты мен оқу бағдарламалары Мәңгілік ел құндылығы негізінде әзірленді,- деді Күләш Ноғатайқызы.

Конференцияға барлығы 700-ге жуық қазақстандық және халықаралық мамандар қатысуда. Катысушылар білім берудің, әлемдік білім беру саясатының, жазғы білім берудің, сандық білім беру ресурстарының, бағалау жүйелерінің заманауи даму тенденциялары туралы сөз қозғады. 

Аталмыш шара барысында Зияткерлік мектептерінің стратегиялық серіктестері, яғни, Кембридж университеті, Лондон университеттік колледжі, Массачусетс технологиялық институты, CiTO Педагогикалық өлшеуіштер институты және Халықаралық мектептер кеңесі, Джонс Хопкинс университетінің Дарынды балалар орталығы, сонымен қатар  Массачусетс технология институты, Пенсильвания, Мичиган, Аризона штаттары университеттерінің профессорлары мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының  (ЭЫДҰ) өкілдері, Жапонияның инновациялық мектептер жүйесі, СКОЛКОВО инновациялық орталығы, «PASCO scientific», «Educational Solutions», CTY International өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Секциялық отырыстарда шетелден келген сарапшылармен қатар бір деңгейде Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері жүргізген зерттеулер нәтижелерімен бөлісіп, келесі тақырыптарда мәселелер талқыланды: "Ашық зерттеуді жоспарлау және ұйымдастыру", "Ойлау қабілетінің көрнекі-бейнелі нысаныннығайту", "Пәнаралық оқыту негіздері", "Оқудағы зерттеу және жобалау дағдыларын жетілдіру" және басқалар. Мектеп директоры Ануар Жангозин Халықаралық аккредитациядан өтудегі маңызды даярлық жұмыстарын атап өтті. 

Постер сессияларында біздің мұғалімдердің жасаған зерттеулері мен жұмыстарының нәтижелері көрсетіліп, мамандармен нәтижелері талқыланды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында баяндама оқып, "Үздік постер" номинациясына Астана қаласындағы Зияткерлік мектеп мұғалімі Батырбек Хапират ие болды. 

Атап өту керек, конференцияның негізгі мақсаты - мұғалімдер, зерттеушілер, әлеумет пен Қазақстанның білім беру саласына маңызды  тәжірибені бейімдеу және тарату саясатын әзірлеушілер арасында тиімді диалог құру. 

 

No images found.