«ҚОЛӨНЕРШІЛЕР КӨШЕСІ» қайырылымдық жәрмеңкесі

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кеше өткен «Ұлы дала мұрагерлері» атты шығармашылық есебінде қала тұрғындары мен қонақтар назарына Зияткерлік мектептерде жүзеге асырылатын шығармашылық жұмыстарының түрлері (қыш-құмыра шеберлігі, киіз илеу, ши дайындау, инемен кілем тоқу өнері, кесте тігу, ұлттық қуыршақтар дайындау) ұсынылды.

Шара барысында оқушылардың қолдан жасалған туындылары сатылып, 800 мың теңгеден астам қаржы жиналды. 20-ақпан күні Зияткерлік мектеп оқушылары және "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының басқарушы директоры Есенғазы Иманғалиев салтанатты түрде жиналған қаражатты Астана қаласының Білім басқармасына табыстады.

Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев оқушыларға белсенділік танытқаны үшін алғысын айтып, еліміздің үлгілі азаматтары болатынына сенімін білдірді. Сонымен қатар жиналған қаражат әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жазда өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне билеттер сатып алу үшін жұмсалатынын хабарлады.