Пусан Ұлттық Университетіне қалай түсуге болады?

Пусан ұлттық университеті Корея Республикасындағы жалғыз мемлекеттік деген атағы бар жоғары оқу орыны.

Ғылыми базасы өте мықты деп есептелетін Пусан ұлттық университетіне түсу емтихандарын Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мұхит аспай-ақ өз елімізде тапсыра алады.  Үміткерлер 19 шілде күні Астана мен Алматы қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бақ сынады. Емтихан биыл осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.  

Сангян Ким, Пусан ұлттық университетінің профессоры:  

— Біздің университет Оңтүстік Кореяда орналасқан. Бұл жерде Hyundai, Samsung, LG секілді өздеріңізге жақсы таныс алпауыт компаниялар орналасқан. Қазақстандық студенттер нарыққа пайдалы барлық мамандықтарда білім ала алады. Корея Республикасы дамыған елдердің қатарына жатады. Біз тауар өндіруші елміз. Сондықтан қазақстандық жастар бізден білім мен тәжірибе жинақтап, өз елінің дамуына ат салыса алады. Бұл біздің басты мақсатымыз.

 

Сонымен қатар, Корея Республикасынан келген қонақтар өздерінің оқу орындары жайлы оқушылар мен ата-аналарға баяндама жасады.

Пусан Корея Республикасындағы ең ірі порт және Сеулден кейінгі ең ірі қала. Жергілікті жұрт бұл қаланы «Корея Республикасының теңізді елордасы» деп те атайды. Тікелей орталыққа бағынатын Пусан қаласы Корей түбегінің оңтүстік-шығыс бөлігінде, Корей бұғазының жағалауында орналасқан

 

Пусан ұлттық университетінің екінші курс студенттері Жұпарова Әзел, Сырымбетова Зағира, Садуақас Алишер: 

— Студенттердің көпшілігі «Корея» десе оның астанасы Сеул қаласын ғана біледі. Алайда теңіз жағасында орналасқан Пусан қаласы әдемілігі жағынан ешқандай қалаға кем түспейді. Пусан қаласының ауасы ылғал, жаңбыр көп жауады. Адамдары өте қонақжай және ақжарқын. Оңтүстік Кореяның білім беру жүйесі өте мықты. Ақылы оқудың бағасы біздің университетте шамамен семестріне 2.000$ құрайды. Назарбаев Зияткерлік мектептерімен Пусан ұлттық университетінің арасында арнайы келісімшарт бар. Біз осы келісімшарт арқылы корей тілін білмесек те оқуға қабылдандық. Екі жыл бойы біз арнайы бейімделген бағдарлама арқылы корей тілін қатар меңгереміз. 

2002 жылдары Пусанда Азия ойындары және футболдан FIFA World Cup әлем чемпионаты болды. ал 2005 жылы Азиялық Тынықмұхит аралық экономиялық әріптестік форумының астанасы атанды.

Қазіргі таңда Пусан — Азиядағы заманауи қала болып табылады. Қала өзінің көк тіреген зәулім үйлерімен және архетиктуралы көзқызығарлық жерлерімен танымал. Бұл жерде әлмдегі ең үлкен универмаг — «Синсеге Сентум Сити» және Корея Республикасындағы ең биік ғимарат — «Doosan Haeundae We've the Zenith Tower A» орналасқан.