«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: ЖАЛҒАС ТІЛЕУМҰРАТИН

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Жалғас Тілеумұратин AstanaFM радиосының «Біздің уақыт» бағдарламасында қонақта болды.

Бағдарлама жүргізушілері Жалғастың сүйікті пәндері, болашақ мамандығы, хоббиі және бойындағы өнері туралы сұрақтар қойды. Жалғастың сүйікті пәндері көп, алайда жанына жақын үш пәнді атап өтті. Олар: математика – 4-сыныптан бері ұнайды, түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі болған; физика - 7-сыныпта қызыға бастады; және ағылшын – шет тілдерді оқыған ұнайды. Жалғас үшін осы үш пәннің орны бөлек және оның маман әрі адам болып қалыптасуына пәндердің ықпал тигізері анық.  Оның ойынша, инженер қазіргі таңдағы қажетті әрі маңызды мамандықтардың бірі, сонымен қатар, техникалық білім алудың болашағы зор.

Жалғастың бос уақытында еркін тақырыпта өлең шығару әдеті бар. «Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі» - деп Төле би айтып кеткендей, Жалғастың бойындағы ақындық өнері өз атасы, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, ақын, күйші, журналист, қоғам қайраткері Тілеумұрат Қожабековтен дарыған болу керек.

Сонымен қатар, Жалғас ән де шырқайды. Шетелдік, отандық эстрада әндерінен бөлек, дәстүрлі әншілер Айгүл Елшібаева, Айгүл Қосанова және Қуандық Рахымның орындауындағы әндерді айта алады. Бала кезден футбол ойнағанды ұнатады. Мектепте қоңырау уақытында сыныптастарымен жиналып шахмат ойнайды.

- Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысының бос уақыты жоқ, көңіл көтермейді деген қате стереотип. Барлығы адамның өзіне байланысты. Уақытын тиімді пайдалана білсе, барлығына да үлгеруге болады,- дейді 10-сынып оқушысы. – Қазіргі уақытта мен үш кітап оқып жатырмын. Қазақ тілінде Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш», орыс тілінде Михаил Булгаковтың «Морфий» және ағылшын тілінде Артур Конан Дойлдың «Собака Баскервилей» деген кітаптарын оқудамын. Мектебіміздегі «100 кітап» жобасының ықпалымен 8-сыныптан бастап кітап оқу жаңа хоббиіме айналды.

Тәуелсіздік күніне орай Жалғас өзі шығарған «Тәуелсіздік тұғыры» деген өлеңін қонақ кәдеде ұсынды.

- Бұл өмірде өзіңді қызықтыратын, ынтаң бар істі табу қажет. Адамның құлшынысы жоғары болу керек, нақты мақсат қойып, уақытты тиімді пайдалану керек,- дейді Жалғас.

Жалғас Тілеумұратинның өзге де сауалдарға берген жауабын келесі сілтемеге өту арқылы толығырақ тыңдай аласыз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/audio/44583