«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: Мақсат Әнуарбеков

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «Д» сынып оқушысы Мақсат Әнуарбеков «Біздің уақыт» радиошоуында қонақта болды.

Бағдарлама жүргізушілері сегіз қырлы Мақсатты тыңдармандарға таныстырып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап ала білді. 

Болашақ мамандығы жөнінде Мақсат заманауи ренессанс адамы болғысы келетінін айтты. Яғни, ол режиссер, сценарист, архитектор, мүсінші және музыкант мамандықтарын бір бойына жинай білген дарынды болуды армандайды. Тіпті, бұл арманына 12 жасынан-ақ сенімді болған екен.

Мақсат Әнуарбеков New York Film Academy академиясының режиссура бойынша Флоренциядағы апталық курсынан өтіп, жүлделі орынға ие болды. Алғаш 9-сыныпта ағылшын тілі пәні мұғалімі Мақсаттың қабілетін байқап, ары қарай дамуына демеуші тауып берген екен. Ал демеуші өз кезегінде Флоренциядағы апталық оқу ақысын төлеп, оған қаржылай көмек көрсетті.

-            Кейін маған шақыру келді. Менде бірнеше таңдау тұрды: Лос-Анджелес, Флоренция, Пекин, Париж немесе Нью-Йорк қалаларында тәжірибеден өту керек болатынмын. Италия елін жақсы көретіндіктен және итальян тілін 3 жыл оқып, меңгергендіктен, мен Флоренция қаласын таңдадым. Алайда, пандемияға байланысты бара алмай қалдым. Айта кететін жайт, менің жіберген туындыларым оларға ұнаған екен, - дейді Мақсат.

         Сонымен қатар, 12 жасында алғаш сценарий жазып бастаған Зияткерлік мектеп оқушысы кәсіби біліктілігін арттырып, Қазмедиадан бірнеше курстардан өткен.

Тарантино фильмдерінің стиліне ұқсатып жазған Мақсат қазір өз сценарийлерінде көбірек шынайылық пен сезімдерді жеткізуді басты назарға алып отырады. Оның айтуынша, ол киноны таңдаған жоқ, кино оны таңдады. Ол кино түсіруде философиялық, тағылымдық мән-мағынаның болуы, образдың ашылуы, негізгі ойдың жеткізілуі маңызды деп санайды.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Мақсат пианино және гитара аспаптарында ойнайды. Сондай-ақ, ол досымен бірге 7 әннен тұратын альбомды жақын арада жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Мақсаттың қызықты жауаптарын толығырақ тыңдау үшін келесі сілтемеге өтіңіз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/news/26802/