«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: Балғын Оразалы

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «Б» сынып оқушысы Балғын Оразалы AstanaFM радиосының «Біздің уақыт» бағдарламасында қонақта болды.

Сұхбат барысында Балғын бағдарлама жүргізушілерінің және қоңырау шалған тыңдармандардың қойған сұрақтарына жауап беріп, өзіндік пікірін ашық білдіріп отырды.

Ағымдағы жылдың тамыз айында пандемияға байланысты Балғын бастаған бір топ еріктілер медицина қызметкерлерінің, әлеуметтік аз қамтылған отбасы және көпбалалы отбасы балаларын тегін оқыту жобасын құрады. Кейін АҚШ елшілігінің қолдауымен «Uide oqu» жобасы ұлғайып, Қазақстандағы барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бірігіп, бас қосады. Қазіргі таңда, «Uide oqu» жобасында 100ге жуық ерікті, 400дей оқушы бар. Балаларды оқыту аптасына үш рет 30-40 минуттан ZOOM платформасында жүреді. Оқуға тіркелмес бұрын, алдын ала ата-анамен келісімшарт жасалады. Егер бала себепсіз екі рет сабақ қалдырса, оқушы автоматты түрде тегін оқудан шығарылады. Қараша айында жобаның 1-ші толқыны аяқталады.

Жүргізуші: - Сізді мұғаліміңіз өте жылдам оқиды деп мақтады. Сол қаншалықты рас?

- Осыдан бір жыл бұрын жылдам оқу техникасын үйреніп бастадым. Күніне 5-6 сағат дайындалып, қазір минутына 1000-1200 сөз оқимын. Бұл мәтіннің қиындығына байланысты. Бүгінде басты ресурс – білім. Уақытты үнемдеп, білімді тез игеру керек, - дейді Балғын.

Сұхбат кезінде «Uide oqu» оқушысының ата-анасы қоңырау шалып, Балғынға және оның командасына алғысын жаудырды. Жобаға жаздан бері қатысып келе жатқан баласының математика мен ағылшын тілі пәнінен сабағы жақсарып, «5»-тері артқанын айтты.

 Балғынның өзге де сауалдарға берген жауабын келесі сілтемеге өту арқылы толығырақ тыңдай аласыз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/audio/44401.