Гонконг политехникалық университетінің өкілдерімен кездесу

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Гонконг политехникалық университетінің өкілдерімен кездесті.

Халықаралық байланыстар бөлімінің бас менеджері Эрик Ло мырза бастаған бір топ мамандар университеттің оқыту бағдарламалары, оқуға түсу талаптары, жоғары оқу орнын бітірген соңғы жұмыспен қамтамасыз ету, біздің түлектеріне арналған гранттық бағдармаламалар туралы ақпарат берді. Кездесу аясында Бизнес, Инжиниринг, Туризм, Ақпараттық технологиялар, Медицина және Азаматтық құрылысы факультеттерінің өкілдері балаларға өздерінің негізгі бағыттары мен мақстаттарымен бөлісіп, бейнебаяндарын ұсынды. Үлкен қызығушылық білдірген оқушылар сұрақтар қойып, қажет ақпараттар ала алды.

Шетелдік қонақтар мектеп бойынша экскурсияға қатысып, кеңейтілген зертханалардың жұмыстары мен жалпы мектеп өмірімен таныс болды. Кешкісін университет өкілдері Астана қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесіп, жатақхана мен қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Айта кететін болсақ осыдан екі жыл алдын "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ мен Гонконг политехникалық университеті ынтымақтастық қарым-қатынас орнату бойынша келісім жасалды. Жыл сайын университет тарапынан Зияткерлік мектеп түлектеріне ресми түрде толық оқу гранттары бөлінеді. 

Бүгінгі таңда Гонконг политехникалық университетінде серіктестік бағдарламасымен түскен 49 оқушы білім алуда. 2016-2017 жыл түлектеріне университеттің негізгі бес мамандықтарына 15 грант бөліп отыр. Сонымен қатар түлектер өз бетінше сұраныс жасап, 113 гранттың біреуіне үміттене алады.