1-ҚЫРКҮЙЕК – БІЛІМ КҮНІ!

1-қыркүйек күні Астана қаласындағы Зияткерлік мектебінде 2016-2017 оқу жылының бастамасы – алғашқы қоңырау мерекесі атап өтілді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституция күніне, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толуы және «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясы аясында ұйымдастырылды. 

Халықаралық Бакалавриат жүйесіндегі Зияткерлік мектеп биылғы оқу жылында 40 сынып-комплекті құраған 800 астам оқушыға есігін ашты. Оның ішінде жаңадан оқуға түскен 7-сынып оқушылары. 6 сыныпты құраған жаңа оқушыларымыз осы жылдың ақпан-наурыз айларында сынақтан сәтті өтіп қабылданды. Оқушылармен қатар жаңадан келген мұғалімдер де мектеп қауымдастығына салтанатты түрде қабылданды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының атынан құттықтау сөзімен Басқарушы директор Есенғазы Иманғалиев шықты. Ол оқушылар, ата-аналар және мектеп ұжымын алғашқы қоңырау күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында шығармашылық табыс пен биік белестерге, алда қойылған мақсаттарға сәтті жетуін тіледі.

Бұл күні дәстүрлі Білім сағаты «Мен - өз елімнің Патриотымын» тақырыбында өткізілді. Салтанатты іс-шара өз жалғасын мұғалімдер мен оқушылардың жалпылама домбыра тарту флешмобы және патриоттық форумында алды. Форум аясында оқушылар сыныптастарымен жазғы тоқсанда және әлеуметтік іс-тәжірибелерде алған әсерімен бөлісіп, ұлттық идея аясында талқылаулар жүргізді.  Айта кететін болсақ, мектептің әлеуметтік жобалары аясында (Ата-ана жұмысында 10 күн», «Баланы жұмысқа ал»)  оқушылар тәжірибесін еліміздің ірі кәсіпорындарында өтті. Соның ішінде: «Самрұқ-Қазына», «Қазақстан Темір жолы», «Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы», «Кардиохирургия орталығы», «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» және т.б. 

Мереке аясында мектеп әкімшілігі тарапынан жыл бойы үздік нәтижелер көрсеткен оқушылар, оның ішінде Республикалық және Халықаралық олимпиадалардың және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары, мектепішілік шараларға белсенді ат-салысқан өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері және өткен оқу жылында мектептің дамуына үлес қосқан мұғалімдер мен педагог қызметкерлері марапатталды. 

Алғашқы Білім сабағы аясында мектептің жоғары сынып оқушылары алғаш рет дипломатия сабағына қатысты. Сабақтың арнайы лекторы болып - Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев шақырылды. Мектеппен таныстыру барысында қонағымызға химия, биология және физика сабақтарының кеңейтілген лабораторияларымен, кітапханасымен танысып, мектептің өмірінен, оқу жүйесінен хабардар болды. Кездесу барысында Анарбек Бақтығазыұлы оқушылармен Сыртқы Істер Министрлігінің жұмысымен, жоспарларымен таныстырып,  дипломаттар мен елшілердің қызметі жайлы толығырақ тоқталып өтті.  Жас ұрпақтың мәдениетаралық диалогтағы атқаратын рөлі туралы тікелей сұхбат аясында бірнеше сұрақтар қойылып, талқылау жүргізілді. 

Биыл Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 6 жыл толып отыр. Осы уақытта мектеп жас, талантты балалар өзінің қабілеттері мен дағдыларын барынша жетілдіруіне мүмкіндік беретін инновациялар мен зерттеу орталығына айналды. Сонымен бірге жыл бойы мұғалімдердің кәсіби дамуына жол беретін орта болып табылады.  Мектеп ішінде және мектептен тыс өткізілетін әлеуметтік іс-шаралар мен жобалардың белсенді қатысушысы. Мектеп қабырғасында қалалық және аймақтық мектептерден келген әріптестер үшін тәжірибе алмасу мақсатында жүйелі түрде семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады.

2015-2016 оқу жылында Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне CIS (Халықаралық Мектептер Кеңесі) эксперттерінен құралған комиссия аккредитациялық сапармен келіп кетті. Бір апта көлемінде 11 адамнан құралған комиссия мүшелері (Швейцария, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Катар, Швеция, Ресей және Қытай халықаралық мектеп өкілдері) жоспар бойынша өз жұмысын жүргізді. Сапар барысында эксперттер жергілікті және шетелден келген мұғалімдердің 150-ден астам сабағына қатысып, оқушылар, мұғалімдер, кураторлар, ата-аналар және мектеп әкімшілігімен және қызметкерлерімен сұхбат жүргізді. Нәтижесінде мектеп халықаралық стандарттарға сай екендігін дәлелдеді. 2016 жылдың маусымында Астана қаласындағы Зияткерлік мектебіне ресми түрде Халықаралық Мектептер Кеңесінің мүшесі мәртебесі тағайындалды. Астана қаласындағы Зияткерлік мектебі Назарбаев Зияткерлік мектептер арасында Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) мүшелігіне кірген алғашқы мектеп болып табылады. Эксперттерден құралған комиссия мүшелері мектепте жүзеге асырылған миссия, көзқарасы, үш тілді дамыту саясаты, жаһанды азаматтықты тәрбиелеу, мәдениаралық даму, мектепті басқару стандарттарын ерекше атап өтті.

Мектептің бірден бір жетістіктерінің бірі – мамандарды даярлау болып табылады. Себебі біз мұғалімдердің зерттеулік потенциалын жетілдіреміз.  Өткен оқу жылында біздің мұғалімдер білім беру мазмұны, бағалау және зерттеу, кәсіби даму тақырыптарына арналған Халықаралық конференцияларында қатысты, баяндамаларын оқып, тәжірибе алмасты. Ал мектептің 10 мұғалімі Халықаралық деңгейдегі емтихан алушы мамандар қатарына енді.

Бүгінгі таңда мектепте 160 астам мұғалімдер мен педагог қызметкерлері жұмыс жасайды. Олардың орташа жасы – 37. Оның ішінде 50% астамы 10 жылдан жоғары тәжірибесі бар педагогтар. 9 мұғалім «Болашақ» бағдарламасының түлегі, 16-сы Назарбаев Университетінің  PDP курсының түлегі, ал 45 мұғалім магистратура бітірген. 2 мұғалім ғылым кандидаттары. Барлығы Халықаралық Бакалавриат жүйесі бойынша курстардан өтіп, ел ішінде және шетелде кәсіби жетілдіру курстарын бітірді. Шетелден келген мұғалімдер саны – 20 адам (Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Канада, Колумбия, Үндістан, Пәкістан және Зимбабве). Олар келесі пәндерден сабақ береді – ағылшын тілі, математика, биология, физика, химия, өнер, драма.

Жаңа оқу жылы Зияткерлік мектеп үшін мазмұнды әрі қызықты болмақ. Өйткені мектепте білім алып жатқан балалар оқуда озат болудан бөлек, өзінің қабілеттерін және дағдыларын  өмірдің кез келген саласында жетілдіруге дайын.