Үш Зияткерлік мектепке CIS аккредитациядан өткендігі туралы сертификаттар тапсырылды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының  2017 жылғы тамыз конференциясы CIS сертификаттарын салтанатты түрде тапсырудан басталды. Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) жолдаған аккредитациядан өту туралы сертификатты Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептері алды.

Семей қаласы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепті аккредитациялау туралы сертификатты Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсудың қолынан мектеп директоры Бағдан Қайыржанов, ата-аналар комитетінің өкілі Гүлнар Қаиркенова және оқушылар комитетінің төрағасы Сағынғали Ахметқали алды. Көкшетау қаласы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепті аккредитациялау туралы сертификатты мектеп директоры Зульфия Уразбекова, ата-аналар комитетінің төрағасы Гүлжауар Қабденова мен оқушылар комитетінің төрағасы Абай Қалымтайға Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова тапсырды.  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп директоры Кульфарида Раисованы, ата-аналар комитетінің өкілі Еркін Қасымовты және оқушылар комитетінің төрағасы Жансая Оралбековті маңызды жетістіктерімен құттықтады.

Зияткерлік мектептердің жаңа статусы педагогикалық ұжым мен оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

CIS – білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғарғы стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған әлемдегі ең танымал ұйым. Қазіргі уақытта белді клубқа көптеген мемлекеттердің флагмандық мектептері мен оқу кешендері мүше. Сонымен қатар, ұйым әлемнің үздік 50 университетімен ынтымақтастық орнатқан, яғни бұл университеттер аккредиттелген мектеп түлектерін оқытуға мүдделі.

Аккредитациядан өту процедурасы ұзақ және жан-жақты жұмыс жүргізуді қажет етеді және ол мектепте тікелей инспекция жүргізілгеннен кейін аяқталады. Англия, Германия, Ресей, Әзірбайжан, Иордания, АҚШ және т.б. мемлекеттердің өкілдерінен құралған CIS-тің беделді тобы көктемде Семей,  Өскемен және Көкшетау қалаларында жұмыс жасап, мектептердің мендежментін, мұғалімдердің кәсіби оқыту машығын, оқыту процесін ұйымдастыру мен жалпы мектеп өмірін саралап, бағалаудан өткізді. Біздің мектептердің «Өмірлік құндылықтар», «Оқыту және үйрету», «Басқару және көшбасшылық», «Кәсіби құрам және техникалық қызметкерлер», «Қолжетімді оқыту мен білім», «Операциялық жүйелер», сондай-ақ шет тілдерін меңгеру бойынша барлық әлемдік стандарттар талабына сәйкес келетіндігі анықталды.

Қазіргі таңда бес Назарбаев Зияткерлік мектептері аккредитациядан өтті. Жоспар бойынша алдағы оқу жылында тағы сегіз мектеп, ал 2019 жылы барлық мектеп халықаралық аккредитациядан өтетін болады.

Қазақстандық мектептердің әлемдік деңгейдегі таңдаулы білім беру ұйымына мүше болуы барлық отандық білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға болды.