«БІЗДІҢ УАҚЫТ» Ыбырай Алмат

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ыбырай Алмат «Біздің уақыт» радиошоуында қонақта болды.

Ыбырай Алмат бағдарлама жүргізушілерінің қойған сұрақтарына жауап беріп, өз пікірін білдіріп отырды.

Халықаралық Бакалавриат мектебінің 12-сынып оқушысының таңдауы «Құрылыс және қоршаған орта инженериясы» мамандығына түсіп отыр. Оның ойынша, бұл мамандық - өте өзекті әрі пайдалы сала. Келешекте ол Америка Құрама Штаттары, Венгрия елдерінде тәжірибе алмасып, туған елге оралуды жоспарлап отыр.

Жүргізушілердің «Аталған мамандықты таңдауыңызға не себепкер болды?» деген сұрағына:

- Ағам әуе инженериясы саласында қызмет ететіндіктен шығар. Бәлкім, танымал Илон Масктың жетістікке жету жолы мен еңбектері және елімізде оған ұқсас әлі бірде-бір адамның жоқтығы туралы ой менің бұл мамандықты таңдауыма себепші болуы мүмкін. Орта мектепте гуманитарияны таңдаймын деген сенімде болғанмын, алайда кейін техникалық бағыттағы физика, математика және химия пәндеріне қызығушылығым ауды. Себебі, олар - құпия тылсым күштерді зерттейтін нақты ғылымдар, - деп жауап берді Алмат.

Сабақтан бөлек, Алмат турнирларға, мектепішілік дебат сайыстарына қатысады. Одан бөлек, әуесқой футбол спортымен де айналысады.

Алматтың ойынша, шетелге оқуға түсу ең алдымен қаражатқа байланысты. Егер ата-ананың жағдайы жетсе, онда шетелге оқуға түсу жеңілірек. Қарап тұрсаңыз, бір АҚШ-қа әлемнің барлық елдерінен грантқа тапсыратын оқушы, студенттер өте көп. Солардың ішінен қатаң түрде байқау өткізіліп, ең үздіктері іріктелініп алынады.

Алмат қашықтан оқу барысында 8.00-ден 12.00-ге дейін сабақ оқып, кейін үй жұмысы мен университеттерге өтініш беру 4-5 сағаттай уақыт алатынын, тіпті, жоғары оқу орнына жіберетін хаттардың мәтінін қалай жазамын деген ой күні бойы басыңда тұратынын ашып айтты.

«Түлектерге айтар кеңесің» деген сұраққа:

-       Біріншіден, GPA көрсеткіштерін 9-сыныптан бастап бақылап отыру керек. 9, 10, 11-сыныптардағы бағалар үздік болуы қажет. Екіншіден, мамандық жүрекпен таңдалуы шарт. Яғни, ешкімнің сөзіне, ойына қарамай, өзіңнің жүрегіңді тыңдау. Өзіңе ешқандай тапсырма, емтихан, баға болмаса, не істеуші едің деген сұрақ қойып, айналысатын іске шын жүрекпен таңдау жасау қажет, - деп жауап қайтарды Алмат.

Ыбырай Алматтың берген сұхбатын толығырақ тыңдау үшін келесі сілтемеге өтіңіз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/audio/44941