«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: Далер Рамазанов

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Рамазанов Далер AstanaFM радиосы «Біздің уақыт» бағдарламасында қонақта болды.

Бағдарлама жүргізушілері қызықтырған сұрақтарын қойып, Далермен жақыннан танысты.

Далер Нидерландыдағы Гронинген  университетіне құжаттар тапсырып қойған, енді тек Халықаралық Бакалавриат дипломын күтіп отыр. Университетте оқу АҚШ-қа қарағанда қысқартылған, яғни интенсивті түрде 3 жыл білім алады. Урбанистика мамандығын таңдап отыр. Бұл - Қазақстанда аса кең дамымаған сала. Урбанистика - бұл өз алдына қаланың тіршілік әрекеті үрдістері, жүйесі туралы ілім.

Зияткерлік мектеп түлегі мектептің бағдарламасына сай жоғары деңгейдегі пәндерге экономика, география және ағылшын пәндерін, ал стандартты деңгейде математика, физика және қазақ тілі пәндерін таңдаған. Оған ең қатты ұнаған пән – география пәні. Себебі география сабағында урбанистика туралы юнит өткен болатын. Содан бұл салаға қызығушылығы артқан екен.

Далердің айтуынша, бакалавр деңгейінде аталған мамандық өте сирек кездеседі. Көбінесе АҚШ, Ұлыбритания, Аустралияда. Қазақстаннан алыстағысы келмегендіктен, таңдауы Еуропа елдерінен Нидерландыға түсті. Гронинген Нидерландыдағы студенттер қаласы деп аталады, себебі онда 50 000 студент ЖОО-да білім алады.

-  Шетелге оқуға түсу қиын емес, мектепте алған барлық дағдылар маған көмектесті. Бір сағаттың ішінде өтініш беріп, құжаттарын жібердім. IELTS сертификатының балы негізінен 6.0-ден басталады, ал мен 7.5 балл алған соң, мені қабылдады. Яғни, университетке оқуға түсу үшін Халықаралық Бакалавриат дипломы және IELTS сертификаты ғана қажет болады, - дейді Далер Рамазанов.

-  Алғашында, мен бизнес администрацияға барғым келді, алайда көпшілік оқушылар соны таңдап жатырған соң, көптің бірі болмайын деп таңдамадым. Урбанистика мамандығын бітіріп келіп, еліміздің мегаполистеріндегі өзекті экологиялық мәселелерді жою шешімдерін табуға ат салысатын боламын,- деп таңдаған мамандығы туралы жауап берді.

Оның ойынша, жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі – инженерия және биотехнология. Далердің достарының көпшілігі бизнес администрация, инженерия және компьютерлік ғылым мамандықтарын таңдап жатыр.

Жүргізушілердің «Түлектерге айтар кеңесің?» деген сұрағына ол:

-  Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық Бакалавриат мектебінің оқушылары жиналып, Ibpick.kz сайтын жасап шығардық. Барлық мектеп түлектеріне, студенттерге арналады. Болашақ студент сайтқа кіріп, арнайы сауалнама толтырады. Сауалнама бойынша біздер мамандық, университеттер, емтихан тапсыру туралы толық ақпаратты тауып жібереміз. Біз өз арамызда бөліп алып, әлемдегі 1100 жоғары оқу орындарын іздеп, мәлімет жинадық, - деп жауап берді.

Далердің қызықты жауаптарын толығырақ тыңдау үшін келесі сілтемеге өтіңіз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/audio/44940