«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: Жанетта Әбдікерімова мен Қырмызы Арын

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «D» сынып оқушылары Жанетта Әбдікерімова мен Қырмызы Арын «Біздің уақыт» радиошоуында қонақта болды.

Қыздар микрофон алдында жүргізушілердің сауалдарына жауап беріп, өз ойларын білдірді.

Жанетта мен Қырмызы кітап оқуды ұнататындарын, сатып алынған, сыйға тартылған кітаптарды жеке кітапханаларына жинап келетінін айтып өтті.

Жанетта мен Қырмызы Нұр-Сұлтан қаласындағы 66-мектеп лицейінде білім алып, Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге дайындықты бірге жүргізген. Содан бері жұптары жазылмай келеді. Екеуі де қазақ тілі мен тарих пәндерін ұнатады.

Қыздарды қоғамдағы жастардың қазақ тілін кең қолданбайтыны алаңдатады. Олардың ойынша, әркім өз отбасынан бастау керек, қазірде ата-аналар бірден 3 тілді үйретем деп, ана тілге көп мән бермей қалады. Сондықтан тіл үйренудегі бастама қазақ тілінде болу керек.

- Әлеуметтік желілерде, ғаламторда ғылыми жобалар, жұмыстар, мақалалар мен қажетті ақпараттар қазақ тілінде тапшы. Одан бөлек, меніңше, мемлекет тарапынан жастар арасында тек қазақ тілінде өтетін жобалар, бағдарламалар, телевизиялық сайыстар ұйымдастыру жөн болар еді. Сол арқылы жастар арасында қазақ тілінің маңыздылығын көрсету керек, - дейді Жанетта.

- Мемлекет басқарушы жоғары лауазымды қызметкерлер міндетті түрде қазақ тілін білу және сол тілде сөйлеу керек. Егер олардың тілдік деңгейі төмен болса, оқыту курстарына бару қажет. Мәселен, шет елге оқуға, жұмысқа орналасуға барсаңыз, сізден сол елдің тілін немесе жалпыға ортақ ағылшын тілін білуді талап етеді. Ал өз елімізде ондай ұстаным жоқ, қызметке кірісерде қазақ тілін білу керек деген ұстаным міндеттелмеген, - деп ойлайды Қырмызы.

Қыздардың айтуынша, олар мектептегі жоба, ғылыми жұмыстарын ағылшын тілінде орындайды, себебі ағылшынша ресурстардан ақпарат алу оңай. Ал егер қазақша жазу керек болса, ағылшынша деректерді қазақ тіліне аударады. Олар «қазақ тілінде сөйлеу – барлық сөзді қазақшаға аудару» деген оймен келіспейді. Ғылыми терминдердің көпшілігі түпнұсқасында қалу керек дегенді алға тартады.

Қырмызы мен Жанетта жастардың орыс тілінде көбірек сөйлеу әлемжелілердің ықпалы мен Батысқа еліктеудің әсерінен деп ойлайды. Қазақша дұрыс сөйлей алмайтын адамдарға деген қоғамның реакциясы олардың тілді ары ғарай жетілдіріп, дамытуға деген құлшынысын азайтады.

Зияткерлік мектептің оқушылары қазақ әдебиетін бастауыш сыныптан бері оқып келеді. Жанетта оқуға деген құштарлықты ашуға Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы әсер еткенін атап өтті. Әсіресе, «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» және «Өлгендер қайтып келмейді» туындылары.

Бағдарлама жүргізушілерінің «Қандай мамандықты таңдадыңыздар?» деген сұрағына Жанетта:

- Әлі нақты шешкен жоқпын. Дегенмен, журналистика мамандығы қызықтырады. Сонымен қатар, копирайтер де бола аламын. Ақпарат жинау, өңдеу, жеткізу мен үшін қызықты.  Әлемжеліде «AlashTime» деген парақшамыз бар. Алаш Орда кезінен Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейінгі кезең аралығы, тарихи тұлғалардың өмірбаяны, қызметтері мен ерліктері туралы жазамыз. Ақпаратты ғаламтор желісіндегі әр түрлі ресурстардан іздеп, жинап, өңдейміз, - деп жауап берді.

- Менің қазір таңдаған нақты мамандығым жоқ. Алайда, өзімді әр түрлі салаларда сынағым келеді. Өзімнің мықты және әлсіз жақтарымды іздеп, оларды дамытып, қарастырып жатырмын, - дейді Қырмызы.

Білімнен бөлек қыздардың сүйікті істері бар, бос уақыттарында шығармашылықпен айналысады. Жанетта киізден, жүннен картина, ойыншық жасайды екен. Ол өз жұмыстарында қазақ жайлауын, табиғатын, мәдениетін ою-өрнектер қосу арқылы бейнелеп, жеткізеді.

Қыздардың толық сұхбатын келесі сілтемеге өту арқылы тыңдай аласыз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/audio/44851