«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: Аружан Абилова

«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: Аружан Абилова

Дәстүрге сай Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Абилова Аружан «Біздің уақыт» радиошоуында қонақта болды.

Аружан мектепте физика, математика пәндеріне қызығушылық танытатынын айтып өтті. Ол бастауыш сыныптан түрлі олимпиадаларға, викториналық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келе жатыр.

Болашақта АҚШ немесе Германия елдерінде білім алғысы келетін Аружан кейін елге оралып, шет елде алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанда қолданып, білім-ғылым саласын дамытуды көздеп отыр. Оның ойынша, әр адам өз елінің өркендеуіне үлес қосып, ата-бабалар қалдырған асыл мұрасын әрі қарай жалғастырып, өзінің артынан із қалдыру керек.

Сонымен қатар, жас та болса да, Аружанды қоғамдағы мәселелер, жастардың қазақ тілінде сөйлеудегі кемшіл тұстары қынжылтады. Көп тілді меңгергенмен, өз ана тіліңде сөйлеп, оған құрмет көрсетуді ұмытпау қажет деп ойлайды. Ортасымен қазақ тілінде сөйлесетін, мектепте орыс, ағылшын тілдерінде білім алып жатырған Абилова Аружан қазіргі уақытта неміс тілін оқуға ден қойған.

Аружан «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Жүзден жүйрік» ұлттық интеллектуалдық жобасына қатысуға шешім қабылдап, тарих, география пәндері аясындағы білімін тексеріп көргісі келеді. Тарих пәніне деген қызығушылығының артуына тарих саласын терең меңгерген түркітанушы, нағашы атасы Әлімғазы Дәулетхановтың ықпалы тиген. Өзінің ерік-жігері және білімі арқасында аталған жобаның жеңімпазы болды.

 Одан бөлек, жас зияткер триатлон спортымен айналысады.

-          7 жасымда анама ілесіп таңертең жүгіретінмін. Кейін велосипед тептім, жүзумен айналыстым. Карантин басталғанда триатлонмен айналысамын деп шешім қабылдадым. Қазір жасөспірімдер арасындағы Нұр-Сұлтан қаласының кәсіби триатлеттер құрамасындамын. Алдағы уақытта ересектер арасындағы триатлон жарыстарына, Ironman сайыстарына қатысуды мақсат етіп отырмын. Құрамамен бірге қазір Суперспринт қашықтығы бойынша дайындалып жатырмыз: яғни, жүзу – 300 м, веложарыс – 8 км және жүгіру – 2 км. Мен соның ішінде велосипед тебу бойынша жарысуды таңдап отырмын. Қосшы маңындағы велосаябақта дайындаламыз, - дейді Аружан.

Зияткерлік мектептің оқушысы Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» романын, әсіресе «Компьютер басты жарты адамдар» шығармасын оқуды жақсы көреді. Ал шетелдік авторлардан Джек Лондонның «Мартин Иден», «Уақыт күтпейді» романдарын ұнатады.

Бағдарлама жүргізушілері Аружаннан қазақ тілінің қолданысына қосып жатқан үлесі туралы сұрады.

-          Қазақ тілінің қолданысын кеңейте түсу үшін мен қазақша подкасттар жүргізудемін. Бақытгүл Салыховамен бірге қазақша 100 кітапты саралап, онда көтерілген мәселе, идеяларды қарастырып, кең аудиторияға арнап жатырмыз. Подкасттың сценариін де, дыбыстауды да, монтаждауды да өзім жасаймын. Подкастымызды iOS, Android құрылғыларына қолжетімді платформалардан тыңдауға болады, - дейді Аружан.

Бағдарлама соңында Аружан тыңдармандарға уақытты тиімді пайдаланып, алдын-ала жоспар құрып, әрқашан білім деңгейін жетілдіруде жұмыс жасауға кеңес береді.