«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: ФАТИМА РИШАТҚЫЗЫ

«БІЗДІҢ УАҚЫТ»: ФАТИМА РИШАТҚЫЗЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 «В» сынып оқушысы Фатима Ришатқызы «Біздің уақыт» радиошоуында қонақта болды.

Бағдарлама жүргізушілері қызықтырған сұрақтарын қойып, Фатимамен жақыннан танысты.

Болашақта Фатима өзін астрофизика саласын зерттейтін ғалым ретінде көреді (Астрофизика - аспан денелерінің физика күйі мен химия құрамын және олардың жүйелерін, жұлдызаралық орта мен галактикааралық орталарды, сондай-ақ оларда өтетін химия процестерді зерттейтін астрономияның бөлімі).

- Ата-анам алып берген телескобыммен түнгі аспан әлемін бақылағанды жақсы көремін. Мен үшін телескоппен бақылау жұмыс емес, ол нағыз рақаттанып демалатын сәт. Бала кезімнен пәнге қызыға бастап, тезірек физиканы оқып-білуге асығатынмын. Негізінен ата-анамның екеуі де физика пәні саласындағы мұғалімдер. Кейде ата-анама оқушылардың жұмыстарын тексеруге көмектесемін, - дейді Фатима.

Түрлі сайыстар мен ғылыми жұмыстар байқауына қатысып жүрген болашақ ғалымның қазіргі таңда сәтті жұмыстанып жатқан ғылыми жобасы бар. «Астероидтардың планетамызға әкелетін пайдасы» тақырыбындағы ғылыми жобасы ғарыштағы Марс пен Юпитер планеталарының арасындағы астероидтар орбитасында орналасқан аспан денелерінен минералдар мен пайдалы қазба бөлшектерін жинауды көздейді.

Ғылыммен бірге тілшілікті қатар алып жүрген Фатима Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің NISA PRESS ұйымының бас тілшісі және жүргізушісі. NISA PRESS ұйымы мектеп жаңалықтары, оқушы мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынас, ток-шоу, арнайы бағдарламаларды түсіреді.

- Бұл ұйымның белсенді мүшесі болуым маған өміріме және келешекте профессор ғалым болған кезімде қажет болатын шешендік өнер дағдысын қалыптастырды, - дейді зияткер.

Физика пәнінен кейін әдебиетті жақсы көретін Фатима бос уақытында көбінесе роман жанрындағы әдеби кітаптарды оқиды. Ал фантази жанрында Джон Толкин, Рэй Брэдбери, Джоан Роулинг сынды шетел авторларының туындыларын таңдайды.

- Қазақ әдебиетіндегі сүйікті шығармам – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы. Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» романына қатты қызығушылығым бар десем де болады, мектепке алғаш келгенде осы шығарманы оқығанбыз, тіпті 7-сыныптарда «Бала Шоқан» деген лақап-атым болған, - деп мектептегі қызықты сәттерін еске алды.

Халықаралық Бакалавриат мектебінде оқушылар тек шығарманы оқып қана қоймайды, сонымен қатар, автордың идеясы, тілдік қолданысы, шығарманың мақсатын, кейіпкерлер мен диалогтар арқылы жеткізгісі келген ойды да талдайды. Бұл мектептің барлық оқушыларының бойында жақсы қалыптасқан дағды деуге болады.

Бағдарлама жүргізушілерінің сұрауы бойынша Фатима қонақкәде ретінде Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін оқып берді.

Фатима тыңдармандарға мақсатқа жету жолында ұстану қажет қағидалардмен бөлісті.

- Жетістікке жету үшін алдымен өзіңізге ұнайтын, жаныңызға жақын саланы таңдаңыз. Есейгенде ұйқыдан ояна сала сүйікті жұмысыңызға асығатындай болу керек. Мақсатқа жетуде табандылық қажет. Алдыңда кездесетін бөгеттерге, кедергілерге қарамай, таптаурындарды бұзып, психологиялық жағдайыңды дұрыстау керек. Және әр кез маңыздылығын жоймайтын басты фактор – ол уақыт, яғни уақытты тиімді пайдаланып, жоспар құру, - деп тыңдармандарға мотивация берді.

 Фатиманың қызықты жауаптарын толығырақ тыңдау үшін келесі сілтемеге өтіңіз: https://qazradio.fm/astanafm/kz/audio/44699